Олжас Сүлейменов Қазақстанның Швециядағы елшісі болып тағайындалды
Мемлекет басшысының Жарлығымен Олжас Мұхамедғалымұлы Сүлейменов Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі
11:52 06.09.2024
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
1980 жылы 2 шілдеде Павлодар қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін үздік бітірді. 2011 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы «Nottingham» университетінде магистр дәрежесін алды.
Өзінің дипломатиялық мансабын 2002 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің маманы қызметінен бастаған.
2003-2004 жылдары ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің атташесі, ал 2004-2005 жылдар аралығында Сыртқы істер министрі Кеңсесінің атташесі, кейін үшінші хатшысы болды.
2008-2011 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Аппараты басшысының көмекшісі қызметін атқарды, 2011-2012 жылдары – ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің бас консультанты.
2012-2013 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының консультанты қызметін атқарды, ал 2013-2015 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.
2015 жылдан 2020 жылға дейін Испаниядағы ҚР Елшілігінде кеңесші және кеңесші-уәкілі лауазымдарында жұмыс істеді.
2020-2022 жылдары ҚР СІМ Америка департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.
Қазақстанның Швециядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2022 жылғы наурыздан бастап ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры болды.
I сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежеге ие.
Ағылшын және испан тілдерін меңгерген.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен Сергей Нұртайұлы Нұртаев Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Дания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!