Мәжіліс аса қауіпті ауруларға қатысты зерттеулерді жетілдіру туралы құжатты қабылдады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Биологиялық материалмен алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.
Фото: Александр Павский / Kazinform
12:36 11.09.2024
Келісімге 2022 жылғы 20 мамырда ТМД елдерінің Үкімет басшылары кеңесінің отырысында қол қойылды.
«Келісімді ратификациялау ТМД-ға мүше мемлекеттердің жануарлардың инфекциялық ауруларының таралуын болдырмау, аса қауіпті аурулардың зертханалық диагностикасын жетілдіру, микроорганизмдердің (штаммдардың) ұлттық коллекцияларын толықтыру және осы Келісімге қол қойған мемлекеттердің аумақтарын эпизоотиялардан қорғау бойынша күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді. Құжатта тараптардың сұрауы бойынша эпизоотиялық жағдайды және ғылыми мүдделерді ескере отырып, аккредиттелген әрі референттік зертханаларда биологиялық материалға зерттеулер жасау қарастырылған», - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Оның айтуынша, бұл келісім Қазақстан Республикасының заңнамасына, еліміз ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан мүше саналатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне сәйкес келеді.
«Заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді», - деді вице-министр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!