Алматыда пара туралы хабарлағандарға 4 млн теңгеден астам сыйақы берілді
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті биыл пара туралы хабарлаған 6 азаматқа 4 млн 486 мың теңге сомасында сыйақы берілгенін хабарлады. Сыйақының ең көбі - пара сомасының он пайызы, яғни 3 млн. 745 мың теңге болған.
15:08 11.09.2024
«Сыйақы сомасы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты белгіленеді. Пара немесе келтірілген залал сомасы 1 мың айлық есептік көрсеткіштен (3 млн. 692 мың теңге) аспайтын хабарлама үшін сыйақы 30-дан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін (110 760 теңгеден 369 200 теңгеге дейін) беріледі. Көрсетілген сомадан жоғары болса – сыйақы параның 10%-ына тең болады, бірақ 4 мың айлық есептік көрсеткіштен аспауы қажет (14 млн. 760 мың теңге)», - деп хабарлады депараменттен.
Айта кеткен жөн, сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған немесе заңсыз сыбайлас жемқорлық бұзушылықтардың байқаусызда куәгері болған азаматтар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке келесі тәсілдердің бірімен жүгіне алады:
– Алматы қаласы, Жібек жолы көшесі, 15 мекен-жайы бойынша департаментке өтініш жазу;
– «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы өтініш қалдыру;
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына хабарласу.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!