{metadescription}
Жамбы ату: Батыр Бексауыт күміспен күптелді

Жамбы ату: Батыр Бексауыт күміспен күптелді

Бүгін – жамбы ату спортының соңғы жарыс күні. Дүбірлі доданың алғашқы күнінен бастап бұл спорт түрінен жүлделер үлестіріліп жатыр. Себебі, бұл спорттың бағыты көп. Жанкүйерлер спортшылардың түрі былай тұрсын, аты-жөнін де жаттап үлгерді.

Бүгін отандасымыз Батыр Бексауыт жамбы стилінен күміс жүлде алды. Бұған дейін ол Азия стилінен алтын медаль иеленген еді.

Түркістан облысынан келген спортшы агенттік тілшісінің сауалдарына жауап беріп, көңіл-күйімен бөлісті.

«Жамбы атумен 2018 жылдан бері айналысып келемін. Бұл дүбірлі додадан алтын және күміс бұйырды. Жаман нәтиже емес сияқты. Бағасын халық берер. Бастысы – ұлттық спорттың насихатталуы. Жарысқа жанкүйерлер зор қызығушылық танытқанын аңғардым. Ұлттық спортты қолдау шаралары жалғасын тапса, салауатты ұрпақ тәрбиелеуде ұтарымыз мол болмақ», - деді ол.

Айта кетейік, былтыр да Батыр Бексауыт үшін нәтижелі жыл болған еді. Ол Мажарстанда өткен Әлем кубогінде екінші орынды, Моңғолияда өткен әлем чемпионатында бірінші орынды иеленді.

«Елімізде жамбы ату спорты алдыңғы жылдармен салыстырғанда жүйелі дамып келе жатыр. Басқа аймақтарды айтпағанда, Түркістан облысындағы біздің ауыл түгел жамбы атумен айналысады. Төле би ауданына қарасты Майбұлақ ауылында жамбы атпайтын адам некен-саяқ», - деді Бексауыт Батыр.

Дереккөз: Kazinform

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.