Орталық және Шығыс Еуропадағы қатты су тасқынынан 16 адам қаза тапты
Орталық және Шығыс Еуропада толассыз жауған жаңбыр мен су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 16 адамға жетті, тағы бірнеше адам із-түзсіз жоғалған.
Фото: Видео кадры
15:52 18.09.2024
Еуропа билігі Чехия, Польша мен Австрияда қаза болған адамдар туралы хабарлап, табиғи апатпен күрестің жалғасып жатқанын ескертті.
Чехия премьер-министрі Петр Фиала халықты «мэрлер мен өрт сөндірушілердің нұсқауларын орындауға» шақырды. Оның айтуынша, жексенбі күні кешке төтенше жағдайлар қызметі 7 884 өртті сөндірді, 119 мың үй шаруашылығы электр қуатынсыз қалды.
Фиала мырзаның хабарлауынша, ел бойынша кем дегенде 12 мың адам үйінен эвакуацияланған, жаңбыр ең көп зардап шеккен аудандарда тоқтағанымен, дауыл батысқа қарай жылжып, өзен деңгейі көтерілуінен жағдай басқалар үшін күрделі болып отыр.
«Өкінішке қарай, көптеген адамдар үшін өте қиын күндер жалғасып жатыр. Ең қиын жағдай оңтүстік Богемияда қалыптасты. Өтініш, мұқият және жауапты болыңыздар», — деді Чехия премьер-министрі.
Түнде Морава өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты ел астанасы Прагадан шығысқа қарай 230 шақырым жерде орналасқан Чехияның Литовел қаласының шамамен 70%-ы су астында қалды. Салдарынан мектептер мен медициналық мекемелер жабылды.
Елдің үшінші ірі қаласы Остравада жылу және ыстық сумен қамтамасыз ететін электр станциясы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Крнов пен Чески-Тешинде мыңдаған адам үйлерінен эвакуацияланды.
Опавада 56 мыңға жуық халықтан 10 мыңға дейін адам жоғары жерге көшіруді сұрады.
«Күтуге негіз жоқ», — деді мэр Томаш Навратил.
Ол Чехияның қоғамдық радиосына жағдайдың «ғасыр тасқыны» аталған 1997 жылғы жойқын су тасқынынан да күрделі екенін қосып айтты.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!