Мемлекет басшысы Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады
Президентке еліміздегі заңдылықтың сақталуы мен құқықтық тәртіптің жай-күйі, қадағалау органының басым бағыттардағы қызметі жөнінде мәлімет берілді.
Фото: Ақорда
19:52 19.09.2024
Бас прокурор инвестициялық жобаларды қолдау туралы баяндады. Берік Асыловтың айтуынша, ел экономикасына 8,3 триллион теңге қаржы құйған 445 инвесторға құқықтық көмек көрсетілген. «Прокурорлық сүзгі» жобасы аясында мемлекеттік органдардың инвесторларға қарсы 500 шешімі бекітілген жоқ. Қабылданған шаралар инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыра түсуге мүмкіндік берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа активтерді қайтару жұмыстары туралы баяндалды. Биыл прокуратура органдары жалпы құны 262 миллиард теңге, соның ішінде шетелден 205 миллион долларға бағаланған активтерді қайтарған. Активтерді басқару компаниясына кәсіпорындардағы құны 82 миллиард теңге болатын мүлік пен үлестер берілді. Жалпы сомасы 450 миллиард теңгеге тең активтерді қайтару туралы келісім мақұлданды.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған заңсыз берілген және пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарын қайтару жөніндегі тапсырмасы орындалып жатыр. Бас прокурор соңғы 4 жылда мемлекетке 17 миллион гектар жер қайтарылып, айналымға енгізілгенін жеткізді. Жайылым тапшылығы 29 миллион гектардан 8 миллион гектарға дейін, яғни 4 есе қысқарды, жерге үлесі бар 11 мың адамның құқығы қорғалды.
Бұдан бөлек, Берік Асылов Қасым-Жомарт Тоқаевты атышулы бірқатар қылмыстық істің тергелу барысынан хабардар етті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына есірткі қылмысына қарсы күрестің жай-күйі жөнінде ақпарат берілді. Жыл басынан бері есірткі сатудың 1573 фактісі анықталды. Бұдан бөлек 15 тоннадан астам есірткі тәркіленген, соның ішінде 1 тонна синтетикалық есірткі бар. 60-қа жуық есірткі зертханасы жойылып, 13 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында айқындалған «Заң және Тәртіп» бағдарын нығайту ісіне прокуратура органдарының күш-жігерін барынша жұмылдыруды, әсіресе, заңға қайшы кез келген әрекет үшін жазадан жалтаруға жол бермеуді тапсырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!