Сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтер бағасы қымбаттай ма
Қазақстан құрылысшылар одағы елімізде тұрғын үй кезегінде тұрғандарға жалға берілетін пәтердің шаршы метрінің бағасын көтеруді ұсынды.
14:40 26.09.2024
«Біз ұсынылған нұсқалардың ауадан алынбағаны түсінікті болу үшін ақпарат беруге дайынбыз. Соңғы 18-20 айдағы бағаның қымбаттауына қатысты айта кетсем, біздің одақ жалға берілетін тұрғын үй салушылардан сатып алу құнын 380 мың теңгеге арттыруды ұсынады. Бұл жергілікті атқарушы органдардың жалға берілетін тұрғын үйді нарықтағы бағадан арзанға сатып алуға мүмкіндік береді, ал құрылыс компаниялары үшін бизнесінің шығынға батпауына мүмкіндік береді», - деді Қазақстан құрылысшылар одағы төрағасының орынбасары Валерий Лакисов тұрғын үй саясаты мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында.
Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар тұрғын үйлерді дайын күйінде сатып алғысы келеді, яғни бірден жалға беру үшін.
«Жалға берілетін тұрғын үй бағасының өсуі құрылысшылар үшін жақсы, ал бар салмақ бюджетке түседі. Айталық, бұрын 2 млрд теңгеге шамамен 100 пәтер сатып алса, енді 2 млрд теңгеге 80 пәтер сатып алады. Ал пәтерді жалға алушы оның айырмашылығын сезінбейді», - деген пікір қосты Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Өз кезегінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас сарапшысы Марат Жарболов бағаның өсуі барлық тұрғын үй жобаларына қатысты емес екенін айтты.
«Бұл тек Қазақстандық тұрғын үй компаниясы іске асыратын кешенді құрылыс және сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй жобаларына ғана қатысты. Басқалар үшін баға параметрі өзгерген жоқ», - дейді ол.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан құрылысшылар одағының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы тұрғын үй саясаты: инновация, жаңарту және ипотекалық құралдар» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Құрылыс комитеті, Қазақстандық тұрғын үй компаниясы, Отбасы банкі, Ислам банкі, Атамекен ҰКП және бизнес қауымдастығы өкілдері қатысты.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!