{metadescription}
СҚО-да жол апатынан екі адам мерт болып, үшеуі жарақаттанды

СҚО-да жол апатынан екі адам мерт болып, үшеуі жарақаттанды

Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Астана-Петропавл» тасжолында жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысты. Салдарынан екі адам қаза тауып, үшеуі ауруханаға түсті.

Жол-көлік апаты 25 қыркүйек күні болды. «Астана-Петропавл» тасжолының Астраханка-Аралағаш елді мекендерінің ортасында Daewoo Nexia мен КамАЗ жүк көлігі соқтығысып қалған. Куәгерлердің айтуынша, жеңіл көлік жүк көлігінің артына кіріп кеткен. 

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қажетті сараптамалар мен тергеу бастау үшін полиция қызметкерлері материалдар жинап жатыр.

«25 қыркүйек күні Астана — Петропавл автожолының 435-ші шақырымында Daewoo Nexia жеңіл көлігі мен КамАЗ 54105 жүк көлігі соқтығысып қалды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөліктің 40 жастағы жүргізушісі мен 39 жастағы жолаушысы алған жарақаттардан оқиға орнында көз жұмды. Осы автокөліктің түрлі жарақат алған 17, 19 және 62 жастағы жолаушылары жедел жәрдем көлігімен медициналық мекемелерге жеткізілді. ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының бүкіл мән-жайын зерделеуге бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады», — деді ведомствоның баспасөз хатшысы Мәдина Ерғалиева.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жарақаттанған үш адам Аққайың аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.

Кейін зардап шеккендердің біреуі — 17 жастағы жасөспірім облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды. 

«Апат кезінде түрлі сынық алған тағы екі адамның біреуі Петропавлға жеткізілді. Бүгін үшінші тұрғынды да Петропавл қалалық көпбейінді ауруханаға тасымалдау туралы шешім қабылданды», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Дереккөз: Kazinform

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.