{metadescription}
БҚО-да «үй салып беремін» деп, 32 адамнан қомақты қаржы алған алаяқтар сотталды

БҚО-да «үй салып беремін» деп, 32 адамнан қомақты қаржы алған алаяқтар сотталды

Орал қаласы прокуратурасы мемлекеттік айыптаушысының табанды ұстанымының нәтижесінде екі айыпталушының аса ірі көлемде алаяқтық әрекеттер жасағаны толығымен дәлелденді.

Сотта айыпталушылар жәбірленушілермен азаматтық-құқықтық қарым-қатынастың бар екенін алға тартып, кінәсін мойындамады. Алайда сот айыпталушыларды кінәлі деп тауып, 6 және 7 жылға бас бостандығынан айырды. Осылайша, жалған құрылыс салушылар өз міндеттемелерін орындағысы келмей, азаматтардан ақша алу үшін алдамшы схемаларды қолданған.

Қылмыстық мақсатқа жету үшін олар әлеуметтік желілерде, сондай-ақ әртүрлі интернет-жарнама платформаларында таунхаустар салуды ұсынатын ақпаратты орналастырған.

«Кәсіпкерлік қызметтің көрінісін жасай отырып, сотталушыларда жер телімдері жоқ бола тұра тұтынушылардан қаражат алып, кейіннен сенім білдірген азаматтарға құрылыс келісімшартының орындалуына сендірді. Қаражатты алған құрылыс салушылар келісімшартта белгіленген мерзімде тұрғын үй салуға уәде беріп, бірақ іс жүзінде ол ұзақ уақыт бойы орындалмай, жаңылыстыруды жалғастырды. Алайда тұрғын үй құрылысы басталмай, 32 жәбірленушіге 490 888 000 теңге көлемінде шығын келтірілді. Ол сот үкімімен жәбірленушілердің пайдасына толық көлемде өндірілді», - деді Батыс Қазақстан облысының прокуратурасынан.

Биыл елімізде тұрғын үй сатып алу кезінде қолайлы жағдайларды уәде етіп, өз міндеттемелерін орындамай, азаматтарды жаңылыстыратын құрылыс салушылардың жосықсыз әрекеттерінің көбеюі байқалады. Мұндай әрекеттер тұтынушылардың құқықтарын бұзып қана қоймай, экономикаға айтарлықтай зиян келтіреді.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес, алаяқтық, соның ішінде жылжымайтын мүлік саласындағы алаяқтық қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады.

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы азаматтарды мұқият болуға, құрылыс салушылардың беделін тиянақты тексеруге және кез келген күдікті әрекеттер туралы хабарлауға шақырады.

Дереккөз: Kazinform

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде