{metadescription}
Жетісулық жүгері өсірушілер биыл да шығынға ұшырай ма - шаруалар дабыл қақты

Жетісулық жүгері өсірушілер биыл да шығынға ұшырай ма - шаруалар дабыл қақты

Жетісулық шаруалар биыл 41 мың гектарға жүгері сепкен.

2 қыркүйектегі мәлімет бойынша, соның 4,7 мың гектары орылған. Сатып алушылар ең жоғарғы сападағы дақылдың келісін 60 теңгеден бағалап отыр.

Былтыр өнімді өткізе алмай шығынға ұшыраған жүгері өсірушілер биыл да еңбек ақталмай қала ма деп алаңдап отыр. Өйткені, жүгерінің тоннасын 60 мың теңгеден қабылдап жатыр. Оның өзінде бұл ылғалдылығы 14 пайыз дақылдың бағасы.

«Жүгеріні әлі жинаған жоқпын. Өйткені, ылғалдылығын өлшесем 18 пайыз болып тұр. Алдағы күндері жауын-шашын болмаса 10-12 күнде кеуіп қалар. Егер жаңбыр болса қазіргі сапаға да жете алмай қалуымыз мүмкін. Тәуекелге барып отырмыз, өйткені осы күйінде сатсаң келісі 43 теңгеге өтеді. Одан пайда жоқ. Сатып алушылардың қойып отырған бағасы өте төмен, бұл біздің шығынды толық өтемейді»,- дейді «Квитко» шаруа қожалығының жетекшісі.

Салаға жауаптылар биыл жүгерінің әр келісіне 10 теңгеден қаржылай қолдау берілетінін айтады. Бірақ бұл қайта өңдеуден өткен өнімге ғана төленеді. Яғни, зауытқа өткізгендерге. Ал Панфилов аудандағы кәсіпорынға жүгеріні жеткізу шаруалар үшін қосымша шығын. Сондықтан олар трейдерлік компанияға сатуға мәжбүр.

«Өткізу мәселесімен негізінен трейдерлер шұғылданады. Бұл шаруаларға аса тиімді емес. Бізде азық-түлік корпорациясының филиалы ашылса, мәселе реттелер еді. Министрдің тапсырмасымен биыл ашу керек болған, бірақ лицензиялық элеватор жоқ деген сылтаумен ашылмады. Осы мәселенің қолға алынуын барлық шаруалар тілеп отыр. Биыл да жүгері өсірушілердің жағдайы қиын. Оларға министрліктен көмек керек»,- дейді облыстық фермерлер одағының төрағасы Асқар Шәріпов.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев: «осы бағытта біз екі кәсіпкермен жұмыс істеп отырмыз. Барлық талаптарына сай келіп тұр. Зертханалық сертификатқа құжаттарын өткізді. Сертификатты алғаннан кейін бізге өтінім береді. Содан кейін біз заң талабына сай болса лицензиясын қолына береміз», - дейді.

Жалпы, биыл Жетісуда жүгері алқабы 16 мың гектарға азайған. 41 мың гектар алқаптан 282 мың тонна жүгері жиналады деп жоспарлануда.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде