Атырау маңындағы ауылда пошта ғимараты өртеніп кетті
Атырау қаласының маңындағы ауылда пошта ғимараты өртенді.
Фото: ТЖМ
12:48 08.10.2024
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт бүгін, 8 қазанда болған.
«Таңертеңгі сағат 09:12-де Атырау қаласы маңындағы Томарлы ауылында орналасқан «Қазпошта» АҚ-ның филиалынан шақырту түсті. Шақырту орнына құтқарушылар жедел жетіп, ғимараттың төбе жабындысының өртенгенін анықтады. Жалын сағат 09:39-да оқшауланып, сағат 09:47-де толық сөндірілді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Өрттен ешкім зардап шекпеген. Пошта ғимаратындағы жалынды сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 15, апаттық медицина орталығынан 3 қызметкер, 1 техника тартылған. Төтеншеліктер өрттің неден тұтанғаны туралы мәлімет берген жоқ. Жалынның салдарынан ауылдағы пошта ғимараты жарамсыз болып қалды.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!