{metadescription}
Ақтауда жасөспірім қызды ұрып-соққандар ұсталды

Ақтауда жасөспірім қызды ұрып-соққандар ұсталды

Әлеуметтік желіде жасөспірім қыздың өзі қатарлас қызды басынан ұрып жатқан бейнежазбасы және жасөспірімдердің ата-аналарының оқиғаға қатысты айтқан сөздері тарады.    

Ата-аналардың айтуынша, қалада жасөспірім қыздардан құралған топ бар. Олар жеткіншектерді қатарына қосып алады. Егер көңілдерінен шықпаса, қысым көрсетіп, ұрады. 

– Менің қызым ақымақтық жасап, солардың қатарына қосылған. Ол қыздар сауда орталықтарының жанында жүріп, жеткіншектерді сөзге тартып, сұлу, сәнді қыз екенін айтып, дос болуға шақырады. Балалар қызығып қосылып кетеді. Уақыт өте олар манипуляция жасап, қорқытып, үркітеді екен. Соның бәрін бейнежазбаға түсіріп, желіге жүктейді, - дейді ата-аналардың бірі. 

Тағы бір ата-ана сотқар қыздарға қатысты бір оқиғаны айтып берді. 

– Маған бір танысым 12 жастағы қызымды сауда орталығының қасында ұрып жатыр деп қоңырау шалды. Қызыма телефон соқсам, көтермейді. Қас қарайған кез еді. Жолдасым екеуміз бірден айтқан жерге бардық. Келсек 20-30 жасөспірім жүр. Түсінгенім бір топ қыз сол кезде 2 жасөспірім қызды ұрып тастаған. Менің қызым зардап шекпепті. Біз бірден полиция шақырдық, - дейді екінші ата-ана. 

Маңғыстау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұрып-соғу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Оқиғаға қатысты барлық күдікті анықталып, ұсталған. 

– Күдіктілердің заңды өкілдері кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамау дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Материал әкімшілік жанындағы болен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберіледі. Құқық бұзушы жеткіншектер профилактикалық есепке қойылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жан-жақты тергеу әрекеттері жүргізілуде, - делінген хабарламада. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде