Қызылорда облысында 10-сынып оқушысын ұрып өлтірген жасөспірім сотталды
Қызылорда облысында жасөспірімнің өліміне себепші болған оныншы сынып оқушысына қатысты сот үкімі шықты.
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform
18:47 08.10.2024
Оқиға Шиелі ауданына қарасты Ш.Қодаманов ауылында болған. Сол ауылда тұратын 10-сынып оқушылары әңгіме арасында 9-сынып оқушылары өздерімен амандаспай, сыйламаушылық танытып жүргенін алға тартады. Содан кейін оларды тәртіпке келтіру үшін ауыл шетіне жиналған.
«Сотталушы Қ. тоғызыншы сынып оқушыларын ұрып келе жатып, жәбірленуші А.-ның көкірек тұсынан жұдырығымен бір мәрте қатты соққы жасаған. Бұл соққы жәбірленушінің жүрегінің рефлекторлы тоқтауына алып келген. Аталған жасөспірім ауыр дене жарақатынан оқиға орнында қайтыс болған. Бұл қылмыстық іс Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот үкімімен кәмелетке толмаған сотталушы Қ. ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп мәлім етті Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!