«Семей орманындағы» алапат өрттен қаза болған өрт сөндірушілер мен орманшыларға ескерткіш ашылды
«Семей орманы» резерватында былтыр шыққан алапат өрттен 14 адам көз жұмған еді. Кейін жалынның тағы да бір адамның өмірін жалмағаны белгілі болды.
Фото: Абай облысы әкімдігі
12:32 09.10.2024
Марқұмдардың құрметіне Абай облысы Бородулиха ауданында ескерткіш ашылып отыр. Бородулиха ауданындағы Камышенка орманшылығының маңы мен республикалық күре жолдың бойында орналасқан. Батылдық пен адалдықтың символына айналып, табиғатты қорғаймын деп мерт болған өрт сөндірушілер мен орманшыларды құрметтеу мақсатында қойылған композицияның авторы — мүсінші Нұрбол Қалиев.
Гранит тұғырға орнатылған сегіз метрлік ескерткіш марқұмдардың батылдығы мен өз істеріне деген адалдығын бейнелейтін рельефтермен безендірілген. Ескерткіштің ашылуында сөз алған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев батырлардың ерлік даңқы өшпейтіндігін айтты.
«Қара орманды қадірлеп, батылдық пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсеткендер ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бұл тұғыртас табиғаттың тосын мінезіне төтеп берген азаматтардың атын әйгілеу үшін арнайы қойылып отыр. Есімдері тарих тақтасына алтын әріппен жазылып, ұрпағы мақтан етер жерлестерімізге, біз қашанда басымызды иеміз!», - деді ол.
Шарада қаза болған орманшылардың туыстары сөз сөйледі. Солардың бірі Арай Әмірханова ескерткіш батырларға құрмет екенін атап өтті.
«Ашылған ескерткіш бейбіт күннің батырларына көрсетілген құрмет деп есептеймін. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды сол қайғылы күннен бері сезініп келеміз. Бірі жарынан, бірі ұлынан, бірі аға-бауырынан айырылған қайғылы жағдайды ел болып бірге өткердік. Бүгін міне еңселі ескерткіш орнатылды. Алғаш рет бізбен кездескенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық көмекті аласыздар деп айтқан болатын. Президентімізге қолдау көрсетіп, көмек қолын созғаны үшін зор алғыс білдіремін. Барлық көмекті алдық, оған мың да бір алғыс» - деді Арай Әмірханова.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!