Ақтөбе қаласы маңында өзен бойындағы қамыс өртеніп жатыр
Ақтөбе қаласы маңындағы Сазды өзені бойында қамыс өртеніп жатыр, деп жазады kazinform.
Фото: Видеодан кадр
16:48 09.10.2024
Ақтөбе қаласының Сазды өзені маңында басталған өрт бау-бақша ұжымының тұрғындарын әбігерге салды. Қазір мұнда өрт сөндірушілер мен жергілікті атқарушы органның мамандары жүр.
- Ақтөбе қаласы Астана ауданы Сазды өзені бойындағы Лесное маңында қамыс жанып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына ТЖД гарнизонынан 37 адам, 10 техника жұмылдырылды. Жергілікті атқарушы органдардан 10 техника мен 7 адам бар. Қазіргі кезде өрт сөндіру жұмысы жалғасып жатыр, - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, адамдар эвакуацияланбаған. Өрттің қашан басталғаны туралы нақты ақпарат жоқ.
- Бау-бақша ұжымының күзетшісі ортақ чатқа Лесное бау-бақша ұжымы жағынан өрт шыққаны туралы хабарлады. Алдымен адамдар өздері сөндіріп жатты. Кейін өрт сөндірушілер келді. Қазіргі кезде әлі де жанып жатыр. Өрт түсте басталды, - деді саяжай тұрғыны Лена Кравец.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!