{metadescription}
Мәжіліс сот процесін жетілдіруге арналған заңды қабылдады

Мәжіліс сот процесін жетілдіруге арналған заңды қабылдады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Заң жобасының негізгі мақсаты – сот жүйесін реформалау және сот процесін жетілдіру.

«Естеріңізге сала кетейін, бірінші оқылымда біз Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті тұрақты және біркелкі әкімшілік практиканы қалыптастыру жөніндегі жаңа міндетпен толықтырып, оған ұсынылған өзгерістерді тұжырымдамалық түрде мақұлдадық. Талап қоюшының таңдауы бойынша әкімшілік істер бойынша эксаумақтық соттылықты енгізу қолдау тапты, ал мұнда әкімшілік орган тараптардың бірі саналады. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жекелеген ережелерін жетілдіруге бағытталған өзге де өзгерістер мақұлданды. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңға ұсынылған өзгерістер де мақұлданды, мұндай өзгерістер аталған заңды «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес келтіруге бағытталды», - деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.

Оның айтуынша, екінші оқылымға дейін заң жобасының кассациялық қайта қарауды жетілдіруге байланысты ережелері айтарлықтай қайта пысықталды.

«Биылдың 5 шілдесінде Мемлекет басшысы «Кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға қол қойғанын өздеріңіз білесіздер. Бұл Конституциялық заңда қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша 2025 жылғы 1 шілдеден бастап жұмысын бастауы тиіс дербес кассациялық соттардың құрылуы көзделген. Осыған байланысты сот ісін жүргізудің барлық түрі бойынша кассациялық сотқа жүгінудің және сот актілерін қайта қараудың бірыңғай қағидаларын енгізу ұсынылып отыр. Істер кассациялық соттарға алдын ала қаралмастан, үш судьядан тұратын алқаға тікелей түсетін болады. Кассациялық соттың істерді қарау мерзімі алты айдан аспайды. Сот процесі тараптар шақырыла отырып, ауызша жүргізіледі. Толыққанды сот талқылауында кассациялық шағымдарды алқалы түрде қарауға көшу соттарға түсетін жүктеменің, әсіресе азаматтық істер бойынша едәуір ұлғаюына алып келеді. Жоғарғы Соттың мәліметтеріне сәйкес ол он есе өсуі мүмкін. Сондықтан кассацияға қатысты қазіргі қолданыстағы шектеулер кейінірек, 2027 жылғы 1 шілдеден бастап алынып тасталады», - деді депутат.

Атап айтсақ, азаматтық істер бойынша – талап қою сомасы 200 айлық есептік көрсеткіштен аз жеке тұлғалардың және талап қою сомасы 30 000 айлық есептік көрсеткіштен аз заңды тұлғалардың мүліктік мүддесіне байланысты даулар бойынша шектеулер, қылмыстық істер бойынша – теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жөніндегі шектеулер алынып тасталады.

«Дербес кассациялық соттардың құрылуына орай Жоғарғы Соттың рөлі де өзгереді, ол сот практикасын зерделеп, оны жинақтап қорыту және сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі заңдылықтың сақталу мәселелеріне бағдарланады. Сот актілері ерекше жағдайларда Жоғарғы Сот судьясының ұсынуы немесе Бас прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы Сотта қайта қаралуы мүмкін. Дербес кассациялық соттардың құрылуы сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға, әрбір сот сатысының жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл соттарға деген сенімді арттыруға ықпал етеді», - деді С. Имашева.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде