БҚО-да бруцеллезге шалдыққан 4 300-ден астам ірі қара сою орындарына тапсырылды
Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда бруцеллезге 666,8 мың бас ірі қара зерттеліп, соның 4 942-сі ауру екені анықталды.
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform
13:11 14.10.2024
БҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Нұрқайыр Құсайыновтың мәлім еткеніндей, сондай-ақ 1 млн 124,2 мың қой-ешкінің ішінен 1 203-і бруцеллезге шалдыққаны белгілі болды. Оның айтуынша, ветеринариялық заңнама талаптарына сәйкес 12 айға толғаннан кейін барлық ірі қара және ұсақ малдар көктем мен күзде екі рет тексеріледі.
«Бруцеллез табылған малдар облыс аумағындағы 6 сою ұйымына тапсырылып, сойылады. Күні бүгінге дейін 4 316 бас ірі қара және 991 қой-ешкі санитарлық сою орындарына тапсырылды», - дейді Н.Құсайынов.
Оның айтуынша, соңғы жеті жылдағы ауыл шаруашылығы жануарларының бруцеллезбен ауруы төмендеп келеді. Мысалы, 2018 жылы – 9 431, 2019 жылы – 7 871, 2020 жылы – 6 862, 2021 жылы – 6 490, 2022 жылы – 5 045, 2023 жылы 4 141 бас бруцеллезге жатқызылған.
Биыл бруцеллезге шалдыққан 329 бас ұсақ малдың ет өнімдері үшін 5 млн 498,3 мың теңге өтемақы төленген.
«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасына сәйкес 2025 жылы Теректі ауданы Бекей ауылында 50 млн теңгеге, 2026 жылы Бөкей ордасы мен Теректі ауданында әрқайсысын 30 млн теңгеге, барлығы үш мал сою орнын салып, іске қосу көзделіп отыр», - деді Н.Құсайынов.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!