Министр Жітіқарадағы бес баланың өлімі жайлы жаңа деректерді жариялады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Жітіқарада бес баласы қаза тапқан отбасының жағдайына қатысты сұрақтарға жауап берді.
16:54 14.10.2024
«Қайғылы оқиға болған күні таңғы сағат 5-ке қарай үлкен баласы көршілеріне жүгіріп барған. Өрт сөндірушілер келген кезде, үйдің шатыры опырылып түскен. Сол күні Алматыда іссапарда болған едім. Бірақ қайғылы оқиға болған үйге біздің ведомстводан департамент директоры бірден барды. Сондықтан ол өңірде болып, мәселемен егжей-тегжейлі танысып, тиісті қолдау іс-шаралары ұйымдастырылды. Бұл отбасыға атаулы әлеуметтік көмек беріліп келген», - деді С. Жақыпова Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, балалардың анасы екі рет некеде болған. Бірінші күйеуінен - үш бала, сондай-ақ екінші некеден де үш бала.
«Ең кішкентай баласы мамыр айында бір жасқа толып, сол уақытта «Күміс алқа» алды. Ресми түрде ажырасқан бірінші күйеуінен жазда алимент ретінде 330 мың теңге шамасында ақша алған», - деді министр.
Сонымен қатар ол балалардың анасы жергілікті дүкенде тазартушы болып жұмыс істегенін айтты.
«Бірақ қайғылы оқиға болған түні қалаға кетіп қалған. Не мақсатта және қандай себеппен кеткені тергеу амалдары барысында жарияланбай жатыр. Оның себебін білмеймін. Атап айтқанда, үйге 1995 жылғы азамат келіп, кешкі сағат 9 кезінде үйдің пешін жағып, кетіп қалған. Оған пешті балалардың анасы тапсырған сияқты», - деді Светлана Жақыпова.
Биыл 11 қазан күні Қостанай облысында өрт шығып, бес бала қаза тапты.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!