{metadescription}
Премьер-Министр әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тежеуді тапсырды

Премьер-Министр әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тежеуді тапсырды

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тежеу Үкіметтің басым міндеті болып қала береді.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

«Сондықтан өңірлер осы жұмысқа баса назар аударуға тиіс. Ол үшін қажетті құралдардың бәрі бар. Нәтижесін көріп отырмыз – биыл қыркүйек айында инфляция 8,3%-ға дейін баяулады. Инфляция деңгейін бақылау мен төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау қажет. Әкімдіктер азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға тиіс», - деді О. Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы отандық тауар өндірушілерді қолдау тұрақты негізде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

«Негізгі қорларды жаңартуға, номенклатураны ұлғайтуға және өнімнің қосылған құнын арттыруға бағытталған кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шараларын күшейту қажет. Бірінші кезекте өсу әлеуеті жоғары шағын және орта кәсіпорындарды қолжетімді қаражатпен қамту мәселесіне көңіл бөлу керек. Өңірлер Жергілікті қамту жөніндегі комиссиялардың жұмысын күшейтуі қажет. Өнеркәсіп, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері «Атамекен» палатасымен бірлесіп, отандық тауарларды қолданудың тиімді мониторингін қамтамасыз етсін», - деді Премьер.

Сонымен бірге, бюджеттік бағдарлама әкімшілері қаржылық тәртіпті күшейтулері керек.

«Яғни, қаражатты уақытылы игеруге баса назар аударған жөн. Бюджеттік параметрлерді қатаң сақтай отырып, қаражатты тиімді бөлуді қамтамасыз ету қажет. Қорыта айтқанда, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар осы жылдың соңына дейін барлық ресурстарды экономиканың сапалы өсуіне жұмылдыруы керек. Қазіргі жағдайда бұл оңай шаруа емес. Сондықтан осы бағыттағы күш-жігерді еселей түсу қажет», - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Олжас Бектенов үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша ел экономикасының өсу динамикасы оң нәтиже көрсеткенін айтқан еді.

Дереккөз: kazinform

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде