Қазақстанда мұнай өндіру көлемі артады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров елміздің 2025 – 2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.
Фото: egemen.kz сайтынан алынды
10:39 30.10.2024
«Болжамды қалыптастырудың негізіне мұнайдың бағасы барреліне 75 АҚШ доллары және доллардың есептік бағамы 470 теңге болғандағы базалық сценарийі алынды. Болжам бойынша 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,6 пайызға жетеді. 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі – 5,4 пайызды құрайды. Номиналды жалпы ішкі өнім 2025 жылғы 150,8 трлн теңгеден 2029 жылы 234,2 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық салаларында өсім болады деп ескеріліп олтыр. Мәселен, өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 4,1 пайыз, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 5,8 пайызды, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 2,9 пайызды құрайды», - деді Н. Байбазаров.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы орташа жылдық өсім 5,3 пайызды, құрылыста – 9,3 пайызды, көлік қызметтерінде 8,2 пайызды және саудада 7,1 пайызды құрайды, деп жазады kazinform.
«Мұнай өндіру көлемі 2025 жылы 97,2 млн тоннадан 2029 жылы 104,8 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Тауарлардың экспорты 2025 жылы 82,3 миллиард АҚШ доллардан 2029 жылы 90 миллиард АҚШ долларға дейін өседі деп болжануда. Импорт 61,3 миллиард АҚШ доллардан 67,5 миллиард долларға дейін өседі. Инфляция деңгейі 2025 жылы 5,5 және 7,5 пайыз, 2026 жылы 5 және 6 пайыз аралығында айқындалды, кейіннен 2027-2029 жылдары 5 пайызға дейін төмендейді деп қарастырылған», - деді министр.
Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2025-2027 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды.
Бюджет кірістерінің негізгі өсімі экономиканың даму қарқынын ұлғайту және салық саласындағы әкімшілендіруді жақсарту, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету есебінен қамтамасыз етіледі.
«Кепілдендірілген трансферт бюджет қағидасын ескере отырып, жыл сайын 2 трлн тенге мөлшерінде айқындалды», - деді ведомство басшысы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!