2029 жылға қарай ЖІӨ көлемі 450 млрд долларға жетеді – Үкімет басшысы
Үкімет басшысы Олжас Бектенов жалпы ішкі өнім көлемін арттыру жолдарын атады.
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
12:44 30.10.2024
«Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025-2029 жылдарға арналған болжамына және базалық сценарийге сәйкес жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) жыл сайынғы өсуі орта есеппен 5,4% деңгейінде жоспарланған. Осы көрсеткішке қол жеткізген жағдайда жалпы ішкі өнім 2025 жылы 321 миллиард доллардан 2029 жылы 498 миллиард долларға дейін артады. Осылайша, Мемлекет басшысының ЖІӨ көлемін 2029 жылға қарай 450 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасы орындалатын болады», - деді Олжас Бектенов Мәжілістің жалпы отырысында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылау барысында.
Премьер-министрдің айтуынша, 2025-2029 жылдарға арналған базалық сценарийге сәйкес, жыл сайын жалпы ішкі өнім 5,6%-дан 6,9%-ға аралығында артып отыруы тиіс.
«Бұл мақсатқа жету үшін экономиканы әртараптандыру, оның күрделілігін арттыру, елде жоғары қайта бөлінген өнім өндірісін іске қосуды ұйымдастыру, шикізатқа тәуелділіктен бас тарту бойынша белсенді жұмыс қажет. Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4%-ға жетті», - дейді ол.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!