Ауылдық елді мекендер үшін бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі
Ауылдық елді мекендер үшін бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
Фото: Үкімет
15:36 30.10.2024
«Ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірудің тиімділігін арттыру мақсатында Үкімет 2023-2024 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ол Ұлттық экономика министрлігінің үйлестіруімен іске асырылуда. Тұжырымдаманы іске асыру үшін нақты мерзімдер, орындаушылар және тағы басқалары айқындалып, 56 іс-шараны іске асыруды көздейтін Іс-қимыл жоспары әзірленді. Осылайша, тұжырымдаманы іске асыру аясында Үкімет орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ауылдық аумақтарды дамыту және оларды одан әрі дамыту жөніндегі тәсілдерді әзірлеу бөлігіндегі қызметін үйлестіреді», - деді атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Сондай-ақ оның атап өтуінше, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуды бағалау мақсатында жыл сайын өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес ауылдардың игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілуіне талдау жасалады. Ауылдық аумақтардағы мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі үнемі бағаланып отырады. Қол жеткізілген нәтижелерге жүйелі мониторинг жүргізіледі. Мұның өзі іс-қимылдарды түзетуге және олардың нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Бұдан басқа, қазіргі уақытта барлық өңірлер мен ауылдық елді мекендер үшін бірыңғай цифрлық платформаны енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, ауылдың цифрлық картасы әзірленуде. Бұл онлайн-режимде АЕМ-нің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік органдар арасындағы бірлескен жоспарлауға және жедел шешімдер қабылдауға мониторинг пен бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазіргі уақытта өңірлік саясатты дамытуды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған жұмыстар аясында елді аумақтық-кеңістікте дамыту бойынша, оның ішінде шағын және моноқалаларды, ауылдық аумақтар мен агломерацияларды дамыту саясатын айқындай отырып, жаңа тәсілдерді әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерін ескере отырып, орталық пен өңірдің өзара іс-қимыл проблемаларына кешенді талдау жүргізілуде», - деді Олжас Бектенов.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!