2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленді — Асқарбек Ертаев
2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленді.
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
12:38 31.10.2024
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев мәлім етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленді. Мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік моделінен әлеуметтік-құқықтық қорғау моделіне көшуге жағдай жасау түбегейлі жаңашылдық болып табылады. Инклюзивті саясатты жүзеге асырудың жаңа тәсілдері мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруға, мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасуы үшін қажетті жағдайлар жасауға бақытталған пәрменді шаралар кешенін қабылдауды көздейді», — деді вице-министр ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Ведомство өкілінің айтуынша, тұжырымдама жобасы 13 бағытты қарастырады, оның ішінде мынандай негізгі бағыттарды атап өтуге болады:
1. Теңдік және кемсітпеу;
2. Құқықтық қорғау және сот төрелігіне қол жеткізу;
3. Өмір сүру деңгейі және әлеуметтік қорғау;
4. Инклюзивті еңбек нарығы және өндірістік орта;
5. Инклюзивті білім беру;
6. Қолжетімді көрсетілетін қызмет және кедергісіз орта құру.
Бұған дейін қазіргі таңда елімізде 732 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұратыны айтылды. Осы орайда мүгедектік бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеміне 2024 жылы мемлекеттік бюджеттен 624,1 млрд теңге бөлінген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!