Талғар ауданында қоқыстан Мемлекеттік рәміздер табылды
Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан қоқыс полигонында Мемлекеттік рәміздер табылды, деп жазады kazinform.
Фото: Shutterstock
12:20 04.11.2024
Қоқыс арасында жатқан бірнеше Елтаңба мен Мемлекеттік тудың бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады. Аудан әкімдігінің мәліметіне сәйкес, бейнежазба Талғар ауданына қарасты Қайнар ауылдық округінің Еркін ауылының аумағында орналасқан қоқыста түсірілген.
— Әкімдік қызметкерлері полигон алаңын тексерді. Тексеру кезінде аталған мемлекеттік рәміздердің жанында білім беру мекемесі — колледждің құжаттары бар екені анықталды. Басқа мән-жайлар анықталып жатыр. Қазіргі уақытта полигон орнынан Мемлекеттік рәміздер алынып тасталды. Аталған Мемлекеттік рәміздер Талғар ауданының мемлекеттік мекемелеріне тиесілі емес, — деп хабарлады әкімдіктен.
Ал Алматы облысының Полиция департаменті Мемлекеттік рәміздерді қорлау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
— Талғар аудандық полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті жедел іс-шаралар ұйымдастырды. Кінәлі адамдарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!