Қазақстан елшісі Словения президентіне сенім грамоталарын табыстады
Президент сарайында Қазақстанның Словениядағы Елшісі Данияр Сарекеновтің Словения Президенті Наташа Пирц Мусарға сенім грамоталарын тапсыру рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі мәлім етті.
Фото: СІМ баспасөз қызметі
08:05 06.11.2024
Салтанатты рәсім аяқтаған соң сұхбат барысында Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен ізгі тілектерін жеткізді және ресми Астананың Люблянамен көпқырлы әріптестікті одан әрі нығайтуға және кеңейтуге мүдделі екенін растады. Мұның айқын дәлелі — Словения астанасында Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінің ашылуы.
Елші екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жоғары деңгейін атап өтіп, сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда өзара іс-қимылды жандандыру мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына бас назар аударды.
Өз кезегінде Словения Президенті қазақ дипломатын ресми миссиясының басталуымен құттықтап, Қазақстан басшылығына Люблянада елшілік ашу туралы шешімін жоғары бағалайтынын мәлімдеді және алдағы уақытта да өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған өз ұмтылысын қуаттады.
Словения басшысы 2025 жылы Қазақстанға жоспарланған сапарын растап, ҚР Президентімен кездесу мен келіссөздері екі ел арасындағы қалыптасқан қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Кездесу соңында Словения Президенті Елшіге екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайту жолында табыс тілеп, Қазақстан басшылығы мен халқына ізгі тілектерін жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!