Атырауда блогерлерге күш қолданған жігітке 461 мың айыппұл салынды
Атырауда сауда орталығындағы бутикке кіріп, тікелей эфирге шыққан болгерлерге күш қолданған жігітке 461 мың айыппұл салынды.
Фото: pexels.com
12:15 06.11.2024
Атырау қаласындағы №2 сотта ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен қылмыстық іс қаралды. Айыпталушыға екі немесе одан да көп адамға қатысты тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағанына байланысты айып тағылған, деп жазады kazinform.
Іс материалында блогерлердің Атырау қаласында орналасқан сауда орталығындағы бутикке кіріп, тікелей эфирге шыққаны, санитариялық нормаларды сақталмағаны үшін полиция қызметкерлерін шақырғаны көрсетілген.
«Бутик иесінің ұлы блогерлердің сатушыларға жұмыс жасауға кедергі келтіргеніне ашуланып, оларды сауда орталығынан күш қолдану арқылы шығаруға тырысқан. Олардың денсаулықтарына зиян келтірместен, тән ауруына ұшыратқан», - деп хабарлады аталған соттан.
Прокурор сотталушыны 40 тәулікке қамаққа алып, жәбірленушілердің азаматтық талап арыздарын толық қанағаттандыруды ұсынды. Ал, сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған. Жәбірленушілер сотталушыға қатаң жаза тағайындалғанын қалады.
«Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, іске тіркелген бейнежазбалармен дәлелденді. Сотталушы тағылған айыпқа сәйкес кінәлі деп танылды. Оған 125 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 461 мың 500 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 98-3-бабымен сотталушының жүріс-тұрысына 3 ай мерзімге ерекше талаптар белгіленді. Жәбірленушілердің азаматтық талап арыздары ішінара қанағаттандырылды. Сотталушыдан жәбірленушілердің әрқайсысының пайдасына 200 мың теңгеден моральдық залал өтемақысы өндірілді», - деп мәлім етті соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!