{metadescription}
Қосымша білім беру ұйымдарын ашу кезінде хабарлама жасау тәртібі енгізіледі

Қосымша білім беру ұйымдарын ашу кезінде хабарлама жасау тәртібі енгізіледі

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасын қабылдаудың мақсаты - Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ құқықтық олқылықтар мен коллизияларды реттеу, деп жазады kazinform.

«Заң жобасы аясында келесі новеллалар ұсынылды. Атап айтқанда, қосымша білім беру ұйымдары үшін хабарлама жасау тәртібі енгізіледі. Қазіргі кезде орта және техникалық кәсіптік білім беру лицензияланады, мектепке дейінгі білім беруде хабарлама жасау тәртібі қолданылады. Алайда, қосымша білім беру жүйесінде лицензиялау немесе хабарлама жасау тәртібі бүгінгі күнге дейін қолданылмай келген. Осыған орай, қосымша білім беру қызметтерін ұсыну сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін бақылау мақсатында заң жобасында қосымша білім беру ұйымдарына хабарлама енгізу тәртібі ұсынылады», - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Оның айтуынша, қосымша білім беру ұйымдары рұқсат құжаттарын ұсына отырып, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерді өз қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабардар етуге міндетті болады. Аталған ұсыным халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады (Беларусь, Өзбекстан), тіпті қосымша білім беру ұйымдары үшін кейбір мемлекеттерде лицензиялау талаптары кездеседі (РФ, Ұлыбритания, Сингапур).

Жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға көмек беріледі.

«Жеке мектептерде оқитын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында әлеуметтік көмек көрсету ескерілген. Қазіргі кезде мемлекеттік мектептерде оқитын халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) санатындағы 500 мыңнан астам балаға жалпыға міндетті білім беру шеңберінде тамақтанумен қамтамасыз ету және киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алу түрінде көмек көрсетіледі. Алайда, жекеменшік мектептерде оқитын ХӘОТ санатындағы 25 мыңнан астам бала әлеуметтік көмек ала алмауда. Осыған орай меншік нысанына қарамастан ХӘОТ санатындағы барлық балаларға тең көмек көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтіліп жатыр», - деді Ғ. Бейсембаев.

Бұдан бөлек, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында онлайн оқыту және академиялық ұтқырлық енгізіледі.

«Қазіргі кезде еңбек нарығының талаптарына жауап беретін мамандарды сапалы даярлауды іске асыру үшін колледждер жүйесіне онлайн оқытуды енгізу ұсынылды. Бұл өзгеріс өндірістен қол үзбей, кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталған және студенттерге оқу мен еңбек қызметін үйлестіре отырып, жеке бағдарламалар бойынша оқуға мүмкіндік беру көзделген», - деді Ғ. Бейсембаев.

Онлайн оқыту форматын енгізудің негізгі мақсаты - колледждерге сала сарапшылары мен озық технологияларды тарта отырып, білім беру бағдарламаларын икемді бейімдеу, ал студенттерге жұмысты үзбей-ақ нақты жағдайларда практикалық дағдыларды қалыптастыруға жағдай жасау.

«Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне академиялық ұтқырлықты енгізу студенттерге қазіргі уақытта әрқашан қол жеткізе бермейтін озық инфрақұрылымы, жабдықтары мен ресурстары бар колледждерде оқуға мүмкіндік береді. Осының арқасында толық жабдықталмаған оқу орындарының студенттері халықаралық стандарттар бойынша жабдықталған колледждер базасында білім беру қызметтерін ала алады. Материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға бағытталған «Жас маман» жобасы 180 колледжде жабдықтарды жаңартуға және негізгі бағыттар бойынша 234 құзыреттілік орталығын құруға мүмкіндік берді. Мұндай орталықтарда студенттер заманауи салалардың талаптарына сәйкес келетін озық зертханаларды, жоғары сапалы оқу материалдарын және жабдықтарды пайдалана алады», - деді министр.

Мұнымен қоса, баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институты жұмысын бастайды.

«Қиын жағдайға тап болған балаларға сенім мен жылулық атмосферасын қалыптастыру, психо-эмоционалды жағдайын сақтау, күйзелістен қорғау, қоғамда табысты әлеуметтендіру мақсатында отбасылық орналастырудың жаңа нысанын енгізу ұсынылады. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институтын енгізу кезінде тиісті жаңа тәсілдер әзірленді. Балалар анықталғаннан кейін, балалалар үйіне емес, бірден отбасыларға табысталады. Әрбір бала ата-ананың назарымен және қамқорлығымен қамтылуы үшін бір кәсіби отбасында балалар саны 4-тен аспайды. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасы мәртебесін алуға үміткер отбасылар психологиялық даярлықтан өтеді», - деді Ғани Бейсембаев.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде