ТЖМ полициямен бірге жер үйлерде рейд жүргізеді
Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктеріне жер үйлерге өрт қауіпсіздігі бойынша рейд жүргізуді тапсырды.
Фото: ҚР ТЖМ
11:32 12.11.2024
«Үй иелерінің бейқамдығы да жағдайға кері әсер етіп отыр. Көп адамдар ақауы бар пеш жағады. Қысқа дайындық шараларына салғырт қарайды. Қарапайым қауіпсіздік техникаларын бұзып жатады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жеке тұрғын үйлерге рейд жүргізуді жандандырып, қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет», - деді ол.
Үкімет басшысы халыққа өрт қауіпсіздігі туралы қажетті ақпаратты сауатты жеткізудің де маңызды екенін еске салды.
«Ақпарат министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде профилактикалық материалдарды трансляциялау мәселесін пысықтасын. Жалпы, Төтенше жағдайлар министрлігі жылу беру кезеңінде өрттің алдын алу мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуі қажет. Әкімдіктер жылу беру кезеңін қатаң бақылауға алсын», - деді Олжас Бектенов.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!