Батыс Қазақстан облысында газ өңдеу зауыты салынады
БҚО-да Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауыты салынады.
Фото: БҚО әкімдігі
12:28 12.11.2024
Бұл туралы өңір әкімі Нариман Төреғалиев мәлім етті.
«Облыста өндіріс саласы тұрақты дамып келеді. Инвестиция тарту арқылы өндіріс орындарын ашып, отандық және жергілікті өнім түрлерін көбейтуді басты назарда ұстап отырмыз. Республика күні қарсаңында мұнай газ саласына қажетті кейбір жабдықтарды өндіретін зауыт іске қосылып, шикізат өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар өндіріле бастады», - деді Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімнің айтуынша, өңірде өнеркәсіп көлемін арттыру бағытында Қарашығанақты кеңейту жобасы қолға алынды.
«Өткен жылы 4-ші компрессор, биыл 5-ші компрессор пайдалануға берілді, ал 6-шы компрессордың құрылысы аяқталуға жақын. Аталған жоба Қарашығанақ кен орнындағы шикі газды дайындау, кері айдау және газды өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған. Алдағы уақытта Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жоспарлануда. Қазір осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр», - дейді ол.
Осылайша жаңа газ өңдеу зауытының іске қосылуы тұрғындарды, елде өндірілген тауар газымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!