Қысқы маусымда жазғы доңғалақпен жүрген жүргізушілерге қанша айыппұл салынады
Елімізде ресми түрде көлік жүргізудің қысқы маусымы 1 желтоқсанда басталады. Осы орайда Kazinform доңғалағын уақтылы ауыстырмаған жүргізушілерге заң бойынша қанша айыппұл салынатынын анықтап көрді.
Фото: Canva
10:34 13.11.2024
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған ресми мәліметтерге сай, М1 және N1 санаттағы автомобильдер жазғы кезеңде (маусым, шілде, тамыз) қысқы шиналармен жабдықталған болса, ал қыс мезгілінде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы шиналар орнатылмаған болса, көлікті пайдалануға тыйым салынады.
«Бұл шектеулер сәйкесінше Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің 5.5-тармағымен (Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы №877 бекітілген шешімі) және осы қосымшаның 5.6.3-тармағымен реттеледі.
Жоғарыдағы техникалық регламенттің 5.5-тармағы бойынша ереже бұзғаны үшін ӘҚБтК 590-бабының 5-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік көзделген, яғни бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» делінген ІІМ хабарламасында.
2024 жылы бұл айыппұл сомасы - 18 460 теңге.
Бұл жерде атап өтерлігі, М1 санатына жеңіл автомобильдер жатады. Олар — жолаушы тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнынан бөлек тағы сегіз орындықпен жабдықталған көліктер.
Ал, N1 санатына жүк автомобильдері және олардың шассиі, яғни жүк тасымалдауға арналған және ең жоғары салмағы 3,5 тоннадан аспайтын көліктер жатады.
«Ш» белгісі ерікті түрде тағылады
Елімізде 2016 жылы шегесі бар қысқы доңғалақ орнатылған көлікке «Ш» тану белгісін тағу міндеттелген болатын. Бұл өзгеріс көп ұзамай нарықта «Ш» тану белгісін сатуға қатысты дүрбелең тудырып, қоғамның наразылығына ұшырады. Келесі жылы арнайы Үкімет қаулысы шығып, Жол қозғалысына қатысты заңға өзгерістер енгізіліп, бұл талап алынып тасталған еді.
«Көлік құралдарын пайдалануға жіберу жөніндегі негізгі ережелердің 9-тармағына сәйкес (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы №1196 қаулысымен бекітілген) шиналары бар механикалық көлік құралының артында «Ш» тану белгісі жүргізушінің қалауы бойынша орнатылады. Осы тармақ бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (бұдан әрі – ӘҚБтК) әкімшілік жауапкершілік көзделмеген», - деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасө қызметі.
Сондай-ақ, ведомство биыл жыл басынан бері ӘҚБтК 590-бабы 5-бөлігі бойынша 162 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылғанын мәлімдеді.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!