{metadescription}
Қазақстанда спорт федерацияларының қызметінде өзгеріс болады

Қазақстанда спорт федерацияларының қызметінде өзгеріс болады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжатта еліміздің спорт саласында жаңа іріктеу жүйесін енгізу қарастырылған. Заң жобасына сәйкес, басым спорт түрлері олардың әлемдік рейтингтері негізінде емес, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия ойындарында ұлттық құрама командаларының көрсеткен нәтижелері бойынша іріктелетін болады.

«Қазір республика бойынша 180-нен астам спорт түрі дамытылып отыр. Спорт түрлерінің барлығы бойынша спорт резервін даярлау жүзеге асырылады. Бірақ, жыл сайын 13 жазғы және 5 қысқы олимпиадалық спорт түрінен медаль жеңіп алынады. Осының бәрі спортшыларды даярлау жүйесіндегі жаттығудың бастапқы кезеңінен жоғары жетістіктер спортына дейінгі сәтсіздіктердің нәтижесі саналады. Осылайша, біз жыл сайын уәкілетті орган ретінде балалар-жасөспірімдер спорт мектептері мен мектеп-интернаттар шығындарының өскенін байқаймыз. Шығындардың елеулі бөлігі олимпиадалық емес спорт түрлерінің дайындығына жұмсалады», - деді ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеу барысында жақын маңдағы (Өзбекстан, Беларусь) және алыс шет елдердің (Ұлыбритания, Германия, Норвегия) халықаралық тәжірибесі зерттелді, деп жазады kazinform.

Құжат аясында спорт федерацияларының қызметі де өзгереді. Қазіргі кезде жергілікті, өңірлік және республикалық федерациялар жеке субъектілер ретінде саналады. Олар бір-біріне бағынбайды. Тиісінше спортты дамыту бойынша тәуелсіз саясат жүргізеді. Осының бәрі мүдделер қақтығысына, жауапкершіліктің бұлыңғырлығына және спортты дамытудың «баяулауына» әкеледі.

«Ұсынылып отырған модель жергілікті федерациялардың аккредиттелген республикалық (өңірлік) спорт федерацияларына бағыныштылығын көздейді. Осыған байланысты заң жобасы аясында жоғары жетістіктер түріне жататын спорт түрлерін нақты шектеу ұсынылады. Бұл дегеніміз – Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындары бағдарламасына енгізілген спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері. Олардың ішінде медальдық нәтижесі бар спорт түрлері басым спорт түрлеріне қосылады. Тиісінше, республикалық әрі жергілікті деңгейде бірінші кезекте қаржыландырылады. Спорт резерві тек жоғары жетістіктер спортының түрлері бойынша даярланады. Оларды даярлау уәкiлеттi орган бекiтетiн спорттық даярлықтың ұлттық стандарттарына сәйкес қатаң жүргiзiледі», - деді министр.

Оның пайымынша, осы өзгерістердің барлығы қазіргі спорт жүйесін жаңғыртуға, оның нақты нәтижеге – «медал жеңіп алуға» бағдарлануына алып келеді.

«Бюджет қаражатын жұмсаудың тиiмдiлiгi және барлық спорт субъектiлерiнiң жауапкершiлiгi артады», - деді ведомство басшысы.

Атап айтқанда, заң жобасында тағы да бір маңызды өзгеріс бар, яғни Қазақстан азаматы саналмайтын спортшыларды мемлекеттік бюджет және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады. Бұл шара ел азаматтарының спортта да, қаржылық қолдаудада басымдыққа ие болуын қамтамасыз етеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде