{metadescription}
Алматыда жүрек қан-тамырлары қатты зақымданған науқастарға күрделі ота жасады 

Алматыда жүрек қан-тамырлары қатты зақымданған науқастарға күрделі ота жасады 

Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық ауруханада жүректің негізгі қан-тамырларындағы қан айналымын қалпына келтіруге бағытталған оталар бойынша шеберлік класы өтті.

Интервенциондық хирургтерге тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берген шараға еліміздің түпкір-түпкірінен мамандар қатысты, деп хабарлайды №7 ҚКА баспасөз қызметі. Хабарламаға сүйенсек, шеберлік сағатына Австрияның жетекші интервенциялық кардиологы, коронарлық күретамырларды емдеуде 15 жылдан астам тәжірибесі бар Аурель Тома шақырылды. Тома қазақстандық әріптестерін жүрек қан-тамырларының зақымданған бөліктеріндегі қан айналымын қалпына келтіру техникасымен таныстырды.

Шеберлік класы барысында коронарлық артериялардың зақымдану деңгейі жоғары пациенттерге бірлескен 3 ота жасады. Дәрігерлердің айтуынша, қан тамырлары бітеліп, окклюзияға ұшыраған кезде жүрек созылмалы ишемияға шалдығады. Салдарынан науқас жүріп-тұрған сайын ентігіп, жүрекке салмақ түседі, стенокардия, яғни жүрек тұсында ауырсыну сезімі пайда болады.

Бүгін жасалған оталардың негізгі мақсаты – коронарлық артериялардағы қан айналымын қалпына келтіру. Бірақ өткізгішті бітелген, қабырғаларын кальций тұздары басқан күретамыр арқылы өткізу оңай шаруа емес. Сондықтан мұндай операциялар міндетті түрде хирургиялық техникаларға машықтанған мамандар мен заманауи қондырғыларды қажет етеді.

«Ота жасалған науқастардың екеуі бұған дейін инфаркт алып біздің ауруханаға жедел жәрдеммен түскен. Тиісті емін алғаннан кейін ауруханадан шығарылды. Коронарография жасаған кезде артерияларда тромб барын, басқа күретамырлардың да жаппай созылмалы окклюзияға ұшырағанын анықтадық. Осы жолы пациенттер жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылып, МӘМС шеңберінде ота жасатты. Біз операцияға жағдайы өте ауыр науқастарды, күрделі клиникалық жағдайларды іріктеп алдық.

Нәтижесі – тамаша. Бүған Аурел Тома әріптесіміздің өзі таң қалды. Жалпы, аурухананың толыққанды жабдықталуы бізге осындай оталар жасауға мүмкіндік береді. Бірақ шеберлік класында жасалған оталардың орны бөлек, біз тамаша тәжірибе жинақтадық. Австриялық әріптесімізбен түрлі клиникалық жағдайларды ортаға салдық, біз үшін бұл шараның пайдасы зор болды», - дейді №7 ҚКА Интервенциондық хирургия және аритмология бөлімшесі меңгерушісі Сәкен Анартаев.

Ота барысында пациент ояу болады. Пункция арқылы тамырдың ішіне арнайы катетер орнатылып, бітелген артериялар өткізгіштің көмегімен тазартылады. Бұл ауыртатын процедура емес, сондықтан ота наркозсыз жасалады. Пункция орны ғана лидокоин ерітіндісімен жансыздандырылады. Нәтижесінде жүректің бұлшық еттері толыққанды жұмыс істей бастайды. Науқастар өзін жеңіл сезініп, ентігу мен жүрек тұсының ауырғаны басылады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде