Алматы-3 вокзалының алғашқы жобасы қашан дайын болады
2023 жылы Алматы қаласының бас жоспары бекітілді. Онда жаңа теміржол вокзалы – Алматы-3 вокзалының құрылысы қарастырылған.
Фото: Александр Павский/ Kazinform
12:34 14.11.2024
Kazinform жаңа нысанға байланысты Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасына сауал жолдап, вокзал құрылысы қазір қандай сатыда екенін сұрады. Қалалық мобилділік басқарма басшысының орынбасары Асан Бостановтың айтуынша, қазіргі уақытта жаңа вокзалдың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр.
– Басқарма «Алматы-3 теміржол вокзалының құрылысы» техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізуде. Шартқа сәйкес жұмыстардың аяқталу мерзімі – 2025 жылдың қаңтар айы. Жобаның техникалық және қаржылық параметрлері, оның ішінде нақты құны, қаржыландыру көзі, іске асыру мерзімі, мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялар көлемі техникалық-экономикалық негіздеме әзірленгеннен кейін белгілі болады, - деді ол.
Басқарма жауабына сәйкес, Алматы-3 теміржол вокзалының құрылысы «Мәдениет» шағын ауданынындағы Аруана көшесінің батысында қарастырылған.
Сондай-ақ Асан Бостанов қазіргі уақытта Алматы-1,2 теміржол вокзалдарын және оған тиесілі аумақты жөндеу мен абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта жоспарланбағанын атап өтті.
Айта кеткен жөн, Алматы-1, Алматы-2 теміржол вокзалдары және оған тиесілі аймақ «ҚТЖ» АҚ-ның Алматы магистральдық бөлімшесінен 2019 жылдың 26 маусымында Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасына берілген болатын. Кейін қос вокзал Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасына бекітілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!