337 млн теңге шығын келтірген: Түркістан облысында ер адам ұсталды
Түркістан облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының «Киберпол» арнайы тобының қызметкерлері облыс аумағында интернет алаяқтық қылмыстарына қатысы бар 34 жастағы ер адамды ұстады.
16:37 14.11.2024
Күдікті жәбірленушілерге «ақша қаражаттарыңызды көбейтіп беремін» деп сенімдеріне кіріп, аттарынан онлайн-несие рәсімдеген. Алаяқтық жолмен тапқан қаражатты жеке басының пайдасына жаратып отырған.
Тексеру кезінде күдіктінің жалпы 87 жайтқа қатыстылығы дәлелденді. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 337 миллион теңгеден асқан. Күдікті қамауға алынды.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары интернет-алаяқтық қылмыстарына қатысы бар 22 жастағы жігітті қолға түсірді. Оны полицейлер Алматы қаласынан ұстады. Күдікті әлеуметтік желіде жиһаз құрастыру бойынша жалған парақшалар ашып, жәбірленушілерден тапсырыс қабылдап, ақшаларын иемденіп отырған.
Күдіктінің Түркістан облысы аумағында 4 қылмыстық іске, ал республика бойынша 18 іске қатыстылығы анықталып отыр. Тергеу жалғасып жатыр.
«Бұл қылмыстар «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші тәулігінде анықталды. Жалпы іс-шараның алғашқы тәулігінде Түркістан облысының полицейлері жоғарыдағы қылмыстардан бөлек, бұрын тіркелген 5 қылмысты ашты. 18 дана контрафактілік өнімдер тәркіленді», - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!