Абай облысында 266 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды
Абай облысында 2024 жылдың сәуір айынан бері 266 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды.
Фото: ТЖМ
09:27 15.11.2024
Ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес, өңірде анықталған 266 заңсыз қоқыс үйіндісінің бүгінде 50 пайызы, яғни 133-і жойылған. Әсіресе Семей қаласы мен Аягөз, Жарма, Жаңасемей аудандарында қоқыс үйінділері азаймай тұр.
«Аталған қала, аудан әкімдері бұл бағыттағы жұмысты ширатуы керек. Мәселені шешудің жолдарын қарастыру қажет. Полициямен бірлесе жұмыс істеңіздер. Ал қоқыс полигонын салу қажет болса оны да ойластырыңыздар», - деді жиында сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында tazaqazaqstan.kz онлайн-платформасы іске қосылғаны белгілі. Бұл платформа арқылы азаматтар экологиялық мәселелерді шешу бойынша өтініштерін беріп жатыр. Аймақ бойынша платформа іске қосылғалы бері 102 өтініш түсіп, оның 92-сі орындалған.
«Облыстың экологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыс жалғасады. Қалдықтарды басқарудың инфрақұрылымын дамытуға, азаматтардың өтініштері бойынша жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп жатыр», - деді облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айнұр Ақмырза.
Өңірдегі өзекті жобалардың бірі – Семей қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған заманауи полигон мен қоқыс сұрыптау зауытының құрылысы. Абай облысын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес аталмыш жоба 2025 жылға дейін жүзеге асырылады.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!