Президент декларациялауға қатысты мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырды
Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Фото: akorda.kz
17:45 15.11.2024
«Барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда азаматтарымыздың табысын жаппай декларациялаудың мән-маңызы зор. Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар», - деді Президент.
Мемлекет басшысы келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсыратындығы жоспарланып отырғанын айтты.
«Алайда бір мәселені ескеру қажет. Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!