Қазпоштаның шатыры үстіне құлаған жамбылдық азаматша 18,5 млн теңге моральдық өтемақы өндіріп алды
2023 жылдың көктемінде Жамбыл ауданы, Аса ауылында қатты жел «Қазпошта» АҚ филиалы ғимаратының шатырын ұшырып кетіп, ол әйелдің үстіне құлаған.
Фото: Kazinform
10:22 19.11.2024
Зардап шеккен азаматша шұғыл түрде реанимацияға жеткізілген болатын. Осы оқиғаға байланысты ҚР Жоғарғы соты шешім шығарды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі мәлім етті.
«Жәбірленушіге жабық бас миының жарақаты, кеуде қуысының және жұлынның зақымдануы, бет пен білектің кең скальпирленген жарасы, 3-4 омыртқаның қысылып сынуы сиақты ауыр дене жарақаттары келтірілген. Әйелге 1 топтағы мүгедектігі санаты белгіленген», — делінген хабарламада.
Мәлім болғандай, Қазпоштаның Жамбылдағы филиалы зардап шеккен азаматшаның қызы түсірген шағымға жауап бере отырып, оған 7 млн теңге көмек көрсеткен. Алайда қаражат шетелде емделуге және оңалтуға жұмсалған барлық шығындарды өтеуге жетпей қалған.
«Сондықтан жәбірленуші денсаулыққа келтірілген зиян мен моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Сотта АҚ өкілі талап қоюды мойындамады, 2021-2022 жылдары АҚ-мен шатырға жөндеу жүргізілгенін, бірақ архивтен жөндеу жұмыстарына қатысты құжаттар табылмағанын, сәйкесінше шатырды ауыстырған мердігерді анықтау мүмкін болмағанын айтып түсіндірген», — деп хабарлады соттан.
Сотта шатырдың құлауы мердігер сапасыз орындаған жөндеу жұмыстарының салдарынан оның жеткіліксіз нығайтылмағанына байланысты болғандығы анықталды.
«Сот Қазпошта ғимаратының қауіпсіздігі мен пайдалануының тиісті деңгейін қамтамасыз етпеді деген қорытындыға келді, себебі АҚ ғимаратты күтіп ұстауға және шатырдың күрделі жөндеу жұмыстарын бақылауға жауапты болып табылады. Осыны ескере отырып, талап қою ішінара қанағаттандырылды: Қазпоштадан 8,5 млн теңге материалдық залалдың өтемақысы және 10 млн теңге моральдық зиян өндірілді», — делінген соттың хабарламасында.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!