Олжас Бектенов энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жобасын жыл соңына дейін әзірлеуді тапсырды
Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба әзірленіп жатыр.
Фото: ҚР Үкіметі
11:10 19.11.2024
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
«Кейбір өңірлерде технологиялық бұзушылықтар тіркелгенін білесіздер. Осы тұрғыда шұғыл шаралар қабылдап, халықты хабардар ету маңызды. Күнделікті проблемаларды шешумен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын одан әрі дамыту үшін біздің нақты жоспарларымыз бар. Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба әзірленіп жатыр», - деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектеновтің атап өтуінше, бұл инженерлік желілердің тозуын төмендетуге, инфрақұрылымды көлемді жаңартуға және авариялар қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы біздің алдымызға осындай стратегиялық маңызды міндет қойды, оны нақты орындау қажет. Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін Ұлттық жобаны әзірлеуді аяқтауды тапсырамын», - деді Премьер-Министр.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!