{metadescription}
Астанада 4 адам құлдықта болған, оның біреуі әйел

Астанада 4 адам құлдықта болған, оның біреуі әйел

Елордада өткен айда адамдарды құлдықта ұстаудың 4 дерегі анықталған, деп жазады kazinform.

Бұл туралы Астана қаласындағы LIDER.KZ іздеу-құтқару жасағының жетекшісі Айзада Жүсіпова айтты.

«Қазан айында елордада құлдықта ұстаудың 4 дерегі анықталды. Ондай адамдар өздері жайлы айтуға қорқады, біз олармен тек камерасыз, микрофонсыз барып қана тілдесе аламыз. Оның ішінде бір қыз жыныстық құлдықта болған», - деді ол Астанада өткен көші-қон мәселесіне қатысты қоғамдық тыңдауда.

Сондай-ақ құтқару жасағының жетекшісі Астанаға келген соң туыстарымен байланысы үзілген адамдар саны соңғы үш жылда екі есе өскенін атап өтті.

«Жоғалған адамдарды іздеу барысын бақылап отырған қоғамдық бірлестік ретінде Астанаға келген соң туыстарымен байланысы үзілген адамдардың статистикасы өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, үш жыл бұрын осылай жоғалған адам саны 180 болса (130-ы — туыстарымен байланысы үзілген, 50-і республикалық іздеуде), бүгінгі таңда бұндай көрсеткіш 350 адамға жетіп отыр», - деді Айзада Жүсіпова.

Одан бөлек, волонтер адамдар мұндай жағдайға тап болмас үшін қандай жұмыстарды қолға алу керектігін айтты.

«Біз адамдардың жұмыспен қамтылуы, Көші-қон полициясы жақсы жұмыс істеуі және үй-күйі жоқ адамдардың аз болуы үшін күресеміз. Астана қаласы әкімдігінің «Демеу» әлеуметке қосу орталығымен" тікелей байланыста жұмыс істейміз. Бұл орталық жақсы жұмыс істейді, алайда мүмкіндігі шектеулі. Оларда 55 қана төсек орын бар, бұл біздің қала үшін өте аз. Мен өткен жолғы бір жиында осындай орталықтарды көптеп ашуды ұсынғанмын. Себебі біздің қаламызға келген адамның бәрі бірден жұмыс тауып, жақсы орналасып кете алмайды. Құжатты реттеу де жылдам жүзеге аспай қалуы мүмкін. Осындай жағдайлар адамның жоғалып кетуіне әкеп соқтырады. Ол үйсіз-күйсіз далада қонуы, оны біреулер жұмысқа жегуге құл ретінде алып кетуі мүмкін. Ал ол жақтан екінің бірі аман шықпайды», - дейді LIDER.KZ іздеу-құтқару жасағы елорда бөлімінің жетекшісі.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде