Қорғаныс министрі Президентке биылғы атқарылған істер жөнінде есеп берді
Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Фото: Ақорда
12:58 25.11.2024
Руслан Жақсылықов қорғаныс ведомствосының биылғы атқарған қызметі туралы есеп берді.
Қорғаныс министрі:
бөлімшелердің жауынгерлік дайындығы мен қарулы күштер қатарына күзгі шақыру науқанының нәтижелері, сондай-ақ әскери қызметтегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыруға бағытталған шаралар жөнінде баяндады;
армияның жауынгерлік әлеуетін кезең-кезеңімен көтеру және әскерді даярлаудың жаңа тәсілдеріне көшу мәселелеріне айрықша назар аударылғанын айтты;
мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалу барысын жеткізіп, әскердің қару-жарақ пен техниканың жаңа үлгілерімен, атап айтқанда, ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерімен, радиоэлектрондық күрес кешендерімен жарақтандырылып жатқанын хабардар етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бітімгерлік контингентінің БҰҰ аясында Голан жоталарында атқарып жатқан қызметі маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрге отандық қорғаныс кәсіпорындарымен өзара ықпалдастықты жандандыру, аумақтық қорғаныс пен арнайы операция күштерін дамыту, әлеуметтік-құқықтық жұмысты күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!