Қазақстан мен Түрікменстан халықаралық маршруттағы жүргізушілер үшін визалық режимді жоймақ
Қазақстан мен Түрікменстан арасында «рұқсатсыз» жүк тасымалдау жүйесі енгізілмек. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
Фото: Александр Павский/ Kazinform
12:47 25.11.2024
«2024 жылдың 8 айының қорытындысында Транскаспий халықаралық көлік бағыты (бұдан әрі — ТХКБ немесе Орта дәліз) арқылы тасымалдау 2,9 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың көрсеткішімен (1,75 млн тонна) салыстырғанда 69 пайызға ұлғайды. 2022 жылғы 25 қарашада Ақтауда Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасында 2027 жылға дейін Орта дәлізді дамыту жөніндегі жол картасына қол қойылды. Оны іске асыру дәліздің өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Биыл 10 қазанда Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы көлік, логистика және транзит саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Онда «рұқсатсыз» жүк тасымалдау жүйесін енгізу, сондай-ақ екі елдің халықаралық маршруттағы жүргізушілері үшін визалық режимді алып тастау мүмкіндігі көзделеді. Бұл осы бағыттағы жүк тасымалдары көлемін ұлғайтуға ынталандырып, соған жәрдемдеседі», — деді Үкімет басшысы жауабында.
Сондай-ақ Премьер-Министр «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ мен «Түрікменстанның теңіз сауда флоты» АҚ арасында «ТХКБ» маршруты бойынша теңіз тасымалдары әлеуетін кеңейтетін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтеді.
«Қазіргі уақытта қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері Қазақстан–Түрікменстан–Иран (Инчебурун), Қазақстан–Өзбекстан–Түрікменстан–Иран (Серахс) теміржол бағыттарымен Иранға және Иран аумағы арқылы (Бендер Аббас порты) Парсы шығанағы елдеріне тасымалдануда. Бұдан басқа, қазақстандық жүктер Ақтау және Құрық порттары арқылы Иранның Амирабад және Анзали порттарына жеткізіледі. Жүк жөнелтушілердің өтінімдеріне сәйкес дәнді дақылдарды ауыстырып тиеу бойынша порттардың қолданыстағы қуаты осы жылдың соңына дейін көлемдермен қамтамасыз етілген», — деді ол.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!