Мектепте бомба бар: ШҚО-да жасөспірім полицияға жалған хабар жіберген
Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында жасөспірім мектепке жарылғыш зат қойылғаны жайлы полицияға хабарлаған.
Фото: gov.kz
21:00 25.11.2024
Полицияның кезекші бөліміне мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар келіп түскен. Оның рас-өтірігін анықтау үшін полиция қызметкерлері мен кинолог мамандар жұмылдырылды.
«Олар мектепке келіп, толыққанды тексеру жүргізді. Алайда бұл ақпарат жалған болып шықты. Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті анықталды. Ол сол мектептің 13 жастағы оқушысы болып шықты. Жасөспірім әзіл үшін жалған хабар таратқанын мойындады», - деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Тәртіп сақшылары оқушымен және оның заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізді. Ата-анасы кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді сәйкесінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Осы ретте, террористік актілер туралы жалған хабарлама таратқандар үшін 14,5 млн теңгеге дейін айыппұл салынатынын немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылғанын ескертеміз. 14 жасқа толған балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - делінген ақпаратта.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!