БҚО-да ауыл тұрғынынан сібір жарасы анықталды
Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында тұрғынның сібір жарасына шалдыққаны тіркелді.
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
10:31 26.11.2024
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлім еткеніндей, эпидемиологиялық тергеу барысында науқастың ірі қара малды союға қатысқаны анықталды.
Ветеринариялық қызметкерлермен бірлесіп санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар толық көлемде жүргізілді, эпизоотиялық ошақта дезинфекциялық іс-шаралар атқарылып, ошақ оқшауланды.
«Бүгінгі таңда науқастың жағдайы қанағаттанарлық, диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес ем алуда. Барлық қарым-қатынаста болған адамдар күнделікті медициналық қызметкердің бақылауында болды. Қазіргі кезде сібір жарасының жаңа деректері тіркелген жоқ», деп хабарлады ведомстводан.
Департаменттің еске салуынша, сібір жарасы – өте қауіпті жұқпалы ауру, көбінесе терінің карбункул түрінде зақымдануымен сипатталады, қызба, интоксикациямен бірге жүреді. Адам сібір жарасын тек ауру жануарлардан жұқтырады. Өйткені науқас адам айналасындағылар үшін қауіпті емес. Сібір жарасының қоздырғышы адам ағзасына ең кішкентай жаралар, терідегі сызаттар, тыныс алу жолдары және ауру жұқтырған, жеткіліксіз пісірілген ет арқылы енуі мүмкін.
Сондықтан тұрғындар мынадай сақтық шараларын ұмытпаған дұрыс:
- үй жануарларына күтім жасау кезінде жеке қорғаныс киімдерін қолдану;
- жануарларды союды алдын ала ветеринариялық тексеруден кейін ғана жүргізу;
- үй жануарларына сібір жарасына қарсы профилактикалық вакцинация жүргізу;
- белгісіз адамдардан ет, сүт өнімдерін сатып алмау.
Сондай-ақ ет өңдеу кәсіпорындарының, сою пункттерінің қызметкерлері, жануарларды союмен, оның өнімі мен шикізатын жинаумен, сақтаумен, тасымалдаумен және бастапқы өңдеумен айналысатын адамдар сібір жарасына қарсы профилактикалық екпемен қамтылуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!