Елімізде жеке деректер жинайтын компаниялардан киберсақтандыру талап етіледі
Азаматтардан жеке басына қатысты жаппай деректерді жинайтын компаниялардан киберсақтандыру талап етілмек. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.
21:00 26.11.2024
«Бізде биометриялық деректерді жинауға мүмкіндік беретін тиісті заңдар бар, яғни дербес деректер заңмен реттелген. Сонымен қатар сіз жеке биометриялық деректерді ұялы телефон, банктік қосымшалар арқылы қолданасыз. Менің ойымша, мемлекеттік деңгейде жеке деректер қауіпсіз сақталады, өйткені ақпараттық жүйелер сертификатталған және тиісті қауіпсіздік мақсатында күн сайын тексеріледі. Егер сіз жеке деректерді кейбір жеке немесе шағын компанияларға, туристік операторларға тағы басқа мекемелерге берсеңіз, ол жағдайда қауіпсіздік үшін, әрине, компанияның өзінен басқа ешкім жауап бере алмайды», - деді Жаслан Мәдиев Үкімет үйінде өткен брифингіде.
Сонымен қатар министр жеке мәліметтерге қатысты киберсақтандыру мәселесін көтерді.
«Қазір жеке деректерді жаппай жинайтын компаниялардың жауапкершілігін арттыру үшін талаптарды заңнамалық тұрғыда енгізіп жатырмыз, яғни миллион және одан да көп адамның жеке деректерін жинайтын компаниялардың қызметіне міндетті киберсақтандыруды енгізетін боламыз. Сондықтан бұл бағытты қатаң қадағалайтын боламыз», - дейді ол.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!