Қаңтардан балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың көлемі артады
Жалпы, 2025 жылға арналған республикалық бюджетте балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеуге 875 млрд теңге қарастырылған.
Фото: istockphoto.com
18:17 02.12.2024
Бұл туралы Үкіметте өтіп жатқан брифингте Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.
"Балалары бар 2 млн-ға жуық қазақстандық отбасы республикалық бюджеттен жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдермен қамтылады. 2025 жылдан бастап балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың барлық мөлшері 6,5 пайызға индекстеледі. Жалпы, 2025 жылға арналған республикалық бюджетте балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеуге 875 млрд теңге қарастырылған", — деді Нұрлан Байбазаров.
Оның атап өтуінше, аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау атаулы әлеуметтік қолдау арқылы жалғасады. Осы жылдың 1 қарашасында атаулы әлеуметтік көмекті 76 мың отбасы немесе 403 мың адам алды.
"Атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәсілдерін қайта қарау аясында азаматтардың шығыстарын ескере отырып, Отбасының цифрлық картасын пайдалану арқылы атаулы әлеуметтік көмектің трансформациясы, сонымен қатар мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен біріктіру күтіліп отыр" , — деді ол.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!