Үкімет басшысы жаңа кен орындарын игеруге бағытталған мемлекеттік саясат әзірлеуді ұсынды
Елімізде қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек қорын іздестіру жұмыстарының қарқыны төмен. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
Фото: Үкімет
11:44 03.12.2024
- Қазақстан жекелеген металдардың қоры бойынша жетекші орын алады. Бірақ соған қарамастан бізде кен өндіру деңгейі кеміп барады. Себебі, қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек қорын іздестіру жұмыстарының қарқыны төмен. Сондықтан аталған бағытқа тың тәсілдер қажет. Қолда бар минералдық-шикізат базасын ұтымды әрі тиімді пайдалануға және жаңа кен орындарын игеруге бағытталған мемлекеттік саясатты әзірлеп, оны нақты іске асыру керек, - деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде пайдалы қазбалардың сапалық құрамы төмендеп барады. Бұл осы салаға көлемді қаражат тартуды және кен өндіру мен тазартудың жаңа технологияларын әзірлеуді талап етеді. Яғни, инвестиция тарту үшін нақты шаралар қабылдап, жеңілдіктерді қарастыру керек.
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Ұлттық геологиялық қызмет тиісті қолдау мен өкілеттіктерге ие болып, оның ғылыми-технологиялық инфрақұрылымын дамыту керек. Мысалы, «Самұрық-Қазына» қорында осындай инфрақұрылым мен технологиялық жабдықтар бар. Осы бағытта жұмысты үйлестіру керек, - деді ол.
Сондай-ақ Премьер-Министр заманауи технологияларды, оның ішінде жерүсті зерттеулеріне қажетті шығындарды азайтатын аэрогеофизикалық түсірілімді пайдалану, 30 жыл болған және одан да бұрын алынған геологиялық ақпаратты цифрландыру керектігін баса айтты.
- Бұл деректер әлі күнге дейін қағаз жүзінде немесе пленкаларда сақталып келеді. Сонымен қатар инвестициялар тарту үшін халықаралық қаржы ұйымдарына сертификатталған зертханалық растама қажет болады. Кен көздерін барлау жұмыстарының геологиялық және қаржылық тәуекелдері қашанда жоғары. Әлемдік статистикаға сәйкес, геологиялық барлау жобаларының табысты болуы небәрі 20-30 пайызды құрайды. Сондықтан Үкімет осы саланы қолдауға, инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдай жасауға, жаңа ынталандыру тетіктерін әзірлеуге және заңнаманы одан әрі жетілдіруге ерекше назар аударады, - деді Олжас Бектенов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!