Павлодарда жылыту кезеңіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 5 адам қаза тапты
Ертіс-Баян өңірінде жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй секторында 25 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 5 адам көз жұмып, 2 адам зардап шеккен. Бұл туралы Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.
Фото: ҚР Төтнше жағдайлар министрлігі
08:35 04.12.2024
Жазатайым оқиғалардың көбі өрт қауіпсіздігін сақтамау салдарынан болған.
Тұрғын үй секторындағы өрттердің негізгі себептері - электр жабдықтарын монтаждау, пешті қаптау, пайдалану кезіндегі техникалық қағидаларды ескермеу, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу. Жылыту кезеңі басталғаннан бері облыстың тұрғын үй секторында 25 өрт болып, 2 адам қаза тапты, 1 адам жарақат алды. Сондай-ақ көміртегі тотығымен уланған 3 адам қаза тауып, 1 адам зардап шекті,-деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.
Осыған байланысты мекеме қызметкерлері жылыту кезеңінде өрт қауіпсіздігінің алдын алу шараларын күшейтіп жатыр. Республикалық өрт қауіпсіздігі айлығы аясында Павлодар өңірінде өрттің алдын алу бойынша ауқымды рейдтер ұйымдастырылды. Тұрғын үй секторын аралау барысында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына, жалпы саны 1233 үйге және зейнеткерлерге ерекше көңіл бөлінді. Мамандар жалпы саны 54 мыңнан астам тұрғын үйді аралап шыққан.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар есебінен 687 улы газ датчигі орнатылған. 98 үйде пеш мұржасын тазарту жұмыстары жүргізіліп, 87 үйде пеш алды металл парақтары орнатылды.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!