Мәжіліс Сингапурмен сауданы күшейтуге арналған заңды қабылдады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Бір тараптан ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур арасындағы еркін сауда туралы келісімге, сондай-ақ бір тараптан ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур арасындағы жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
13:49 04.12.2024
Келісімдердің мақсаты – сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ тауарларды серіктестің нарығына ілгерілету және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау.
- Еркін сауда туралы келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Сингапур арасында тауарлар саудасының бажсыз режимін белгілеу жөніндегі өзара міндеттемелерді бекітеді. Сонымен қатар, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің нарықтарына шығуы кезінде аса сезімтал тауарларға қатысты импорттық кедендік баждар сақталады, олар шамамен 12%-ды құрайды (бұл ет, балық, сүт өнімдері, жемістер, көкөністер, тамақ және жеңіл өнеркәсіптің кейбір түрлері, алкоголь және темекі өнімдері, көлік құралдары және басқа да тауарлар). Сингапур Келісім күшіне енген сәттен бастап Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінетін барлық тауарларға кедендік баждарын жояды, - деді ҚР Сауда және интеграция вице- министрі Қайрат Төребаев.
Оның айтуынша, Негіздемелік келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Сингапур арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға бағытталған.
- Жалпы, бұл келісімдерді жасасу Сингапур нарығына қол жеткізу кезінде тұрақты құқықтық жағдайларға кепілдік береді. Осы келісімдерді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді, - деді вице-министр.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!