Мемлекет басшысы Ермек Сағымбаевты қабылдады
Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Фото: akorda.kz
16:07 05.12.2024
Ермек Сағымбаев ведомствоның жыл басынан бері атқарған жұмысының негізгі қорытындылары және алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы есеп берді.
ҰҚК төрағасының баяндамасынан:
— ұлттық қауіпсіздік органдары 4 террористік актінің алдын алған. Терроризм мен экстремизмге қатысы бар 84 адам сотталған, 44 адам ұсталған;
— лаңкестік сипаттағы қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген қазақстандық 6 азамат Сирия мен Түркиядан экстрадицияланып, олардың екеуі сотталған;
— терроризм мен экстремизмге қатысы бар 824 шетелдіктің Қазақстанға кіруіне жол берілмеген;
— Ішкі істер министрлігімен бірге 19 ұйымдасқан қылмыстық топтың әшкереленген, 60 адам қамауға алынған;
— заңсыз айналымдағы 505 атыс қаруы, 5 қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, 45 жарылғыш топтама және 15 046 оқ-дәрі тәркіленген;
— есірткі өндіретін 33 зертхана, оны тасымалдайтын 35 халықаралық және 31 өңірлік арна жойылған;
— 3,2 тонна есірткі құралдары және психотроптық заттар, 4,5 тонна көкнәр шикізаты, 18,8 тонна прекурсорлар тәркіленген;
— есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысы бар 162 адам сотталған;
— экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында 1,6 триллион теңгеден астам көлемде мемлекетке келтірілетін залалға тосқауыл қойылып, бюджетке 315 миллиард теңге өтелген. Сыбайлас жемқорлық әрекет жасағаны үшін 46 адам сотталған;
— мемлекеттік шекарада 55 мыңға жуық құқық бұзушы ұсталды, қару мен оқ-дәріні, есірткі мен басқа да тыйым салынған заттарды тасымалдаудың 1300-ден аса әрекетінің жолы кесілген;
— шекара арқылы 18 миллиард теңге көлемінде валюта мен құны 66 миллиард теңге болатын тауарларды заңсыз өткізуге жол берілмеген. Заңсыз көші-қонның 20 арнасы тоқтатылған;
— мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне 552 миллионнан астам кибершабуылды және 6 мың DDoS-шабуылды тойтарған.
Президент кездесу соңында ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!