Ақтөбеде ерлі-зайыптыны көлігімен қағып өлтірген полиция қызметкері сотталды
Жол жиегінде велосипедпен кетіп бара жатқан ерлі-зайыптыны көлігімен қаққан полиция қызметкері сотталды. Ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі
12:33 11.12.2024
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында полиция қызметкері Азамат Симановтың ісі қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі және 347-бабы бойынша айып тағылды.
Іс материалына сүйенсек, Азамат Симанов биыл шілде айында мас күйінде рульге отырып, Ақтөбе-Ақжар тас жолы бойымен жүреді. Бұл жолда 60 км/сағ жылдамдығы қарастырылған болса, ол көлікті екі есе қатты айдаған. Сол кезде велосипедке мінгескен ерлі-зайыптыны қағып кетеді. Екі адам да сол жерде көз жұмды. Ал рульде болған Ақтөбе қалалық полиция басқармасы №4 Алматы аудандық бөлімінің жедел кезекшісі жәбірленушілерге ешқандай көмек көрсетпей, ешкімге хабарламай, оқиғасы болған жерден кетіп қалған. Сот отырысы кезінде сотталушы кінәсін ішінара мойындады. Сот үкімімен Азамат Симанов айыпты деп танылды.
- Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі және 347-бабы бойынша айыпты деп танылып, түпкілікті 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесінде өтеу белгіленсін, - деді судья Алтынбек Сабыров.
Сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотталушы полиция майоры шенінен айырылды. Тараптар апелляциялық шағым түсетінін айтты. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!